Маңғыстауда IT саласын қарқынды дамыту, өңір жастары мен тұрғындарын ақпараттық технологиялар саласына бейімдеу қолға алынды. Соның бастамасы ретінде өңірде бұрын-соңды болмаған «Mangystau IT-хаб» ашылып, жұмысын бастап кетті. Бұл өз кезегінде өңірде IT бағыттағы жобалардың орындалуына серпін беріп, жастардың жаңа мамандықты меңгеруіне жол ашады.
Mangystaumedia.kz тілшісі өңірлік IT-hub орталығының қызметімен танысып, «Astana Hub» халықаралық ІТ компаниясының аймақтық өкілі, «Mangystau IТ Hub» жетекшісі Айгерім Мажтаймен сұхбаттасып қайтты.
- Айгерім, IT-hub орталығының негізгі мақсаты мен міндеті қандай?
- Биыл наурыз айында Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жеке инвесторлар «Sergel Projects» және «Көркем Телеком» бірлескен концорциумы көмегімен өңірде алғаш рет "Mangystau IT-хаб" орталығы ашылды. Өңірлік IT-hub Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы базасында орналасқан. Негізгі мақсатымыз – IT бағытында курстық оқыту, жобалар мен жаңа стартаптарды қолдау және IT-қауымдастықты дамыту.
- Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?
- Қазіргі таңда Ақтаудағы қыз-келіншектерге арналған тегін "She-commerce" курсы өтіп жатыр. "She-commerce" бағдарламасын «Mangystau IТ Hub» Astana hub, USAID (АҚШ) және IT Park Tashkent қолдауымен іске асыруда. Осылайша, өңірдегі қыз-келіншектерге бес апта бойы SMM, мобилография, дизайн, AI, компьютерлік сауаттылық негіздерін оқытамыз. Ал екінші бөлімде Wildberries, Kaspi және Ozon маркетплейстерде сауда жасау бойынша онлайн білім береміз.
Сонымен қатар жақында жастар арасында "Pizza pitch" жобасы өтті. 20-ға жуық жас стартапшы жоба ұсынып, тыңдаушылардан кері байланыс алды. Осы жобаны орындаудағы тағы бір мақсат - жас стартаперлерге әлеуетті клиенттерді, серіктестер мен инвесторларды табуына мүмкіндік беру.
- Алдағы уақытта тағы қандай жоба, іс-шаралар болады?
- Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта жастардың IT-хаб орталығына келіп, "No Code", "LowCode Course", "Startup Academy", "Startup School" бағыттары бойынша мамандықтарды меңгеруге жағдай жасаймыз. Одан бөлек, графикалық дизайн, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, инженерлік графика CAD, ұялы робототехника, компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қосымшаларды дамыту, веб-үлгілеу курстары оқытылады. Түпкі нәтиже – нарыққа сапалы ІТ-мамандарды дайындау және өңіріміздің цифрландыру саласын жоғары деңгейге жеткізу. Сондай-ақ оқушыларға арналған "Speaker Talk", "Google Developers Group" (GDG), "Digital nomads" шараларын тұрақты түрде өткізу жоспарда бар.
- Жалпы IT-hub-тың жұмысы бір жыл бұрын басталды ғой. Осы бір жыл ішінде қанша стартапшы шықты, олардың IT жобалары қандай?
- Былтырдан бері IT-hub орталығында 80 астам іс-шара ұйымдастырылды. Оған 2000-нан аса қатысушы келді. Соның ішінде қолдау көрсетілген, біздің инкубациялық және акселератциялық бағдарламамыздан өткен жобалар да аз емес. Атап айтқанда, "qMeta", "AMS" (Automated Medical System),"Chance", резидентіміз "Upkeep" компаниясы және жақында іске қосылған, отандық, Маңғыстау облысынан шыққан "Elim taxi" бар.
- IT-hub орталығы тек жастарға арналған ба?
- IT-hub Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығында орналасқанымен, мұнда кез келген жастағы тұрғын келе алады. Жасына шектеу жоқ. Тіпті, бізде 40, 60 жастағы стартапшылар бар. Ең бастысы - IT саласына қызығушылығы бар, стартапқа ұмтылатын тұрғындар болса, есігіміз әрдайым ашық.
- Айгерім, ақпаратыңыз үшін көп рақмет!
P.S. Mangystau IT-hub - өзгерістер мен жаңашылдық мекені. Егер IT саласында дамып, кез келген саладағы жұмысты жеңілдетуге бағытталған жобаңыз болса, онда 6 шағынаудан Жастар орталығында орналасқан IT-hub сізді күтеді.
Әңгімелескен Жұлдызай ҚАЛИЕВА